Мәселе су қауіпсіздігінде болып отыр
Пәкістан Үндістанның Инд өзенінің суын бірлесіп пайдалану жөніндегі келісімді орындаудан бас тартып, елдің ұлттық су қауіпсіздігіне қауіп төндірген жағдайда соғыс жариялауы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Мұхаммед Асиф мәлімдеді.
«Егер ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төнсе, ал су ресурстары оның ажырамас бөлігі болса, біз Үндістанмен соғыс бастаймыз. Әрине», – деді Асиф ARY News телеарнасына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, егер Үндістан суды қысым көрсету құралы ретінде пайдаланып, Пәкістанның сумен қамтамасыз етілуіне әдейі кедергі келтіріп отырғаны дәлелденсе, Исламабад әскери әрекетке бару мүмкіндігін қарастырады.
Бұған дейін Үндістанның су ресурстары министрі Чандра Пракаш Патил егер Пәкістан трансшекаралық терроризмді қолдауды тоқтатпаса, Инд өзенінің суын елге жеткізу 2028 жылдың маусымына қарай толық тоқтатылуы мүмкін екенін айтқан болатын.
Айта кетейік, Үндістан екіжақты Инд сулары туралы келісімнің қолданылуын тоқтатқаннан кейін Пәкістан су тапшылығы мәселесіне ұшырап отыр. Бұл жағдай екі ел арасындағы шиеленісті одан әрі күшейте түсті.