Олар келесі күні құтқарушылардың көмегімен түсірілді
Алматы тауларына серуендеп шыққан екі жасөспірім 3200 метрден астам биікке көтерілген соң төмен түсе алмай қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР ТЖМ мәліметінше, кеше кешке биіктігі 3200 метрден асатын Күмбел шыңында шыққан балалар туралы хабарлама түскен. 2009 жылы туған екі жасөспірім шыңға көтерілу кезінде өздігінен төмен түсе алмай қалған. Олармен байланыс болмаған, жүрген жері анықталмаған.
«Іздестіру-құтқару жұмыстарына Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің қызметкерлері дереу кірісті. Таулы жердің күрделі бедері мен түнгі уақытқа қарамастан, операция сәтті аяқталды. Бүгін таңертең құтқарушылар жасөспірімдерді аман-есен экобекетке түсіріп, ата-аналарына тапсырды», – делінген хабарламада.
Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болған жоқ.