Аида Балаева қазақстандықтарды Әкелер күнімен құттықтады

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол өз құттықтауында әкенің отбасы мен қоғамдағы айрықша орнына тоқталды

Фото: Ақорда

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде атап өтіліп жатқан Әкелер күніне орай ресми мәлімдеме жасады. Ол өз құттықтауында әкенің отбасы мен қоғамдағы айрықша орнына, сондай-ақ мемлекет тарапынан жасалып жатқан жүйелі қолдауларға тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, отбасы институтын нығайту және жауапты әке болу мәдениетін дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі. Бұл ұстаным еліміздің негізгі заңында да нақты айқындалған. Жаңа Конституцияда неке ер мен әйелдің тең құқылы одағы ретінде бекітіліп, отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің тікелей қорғауына алынған. Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, қазақстандықтардың 90 пайыздан астамы ата-ана жауапкершілігін өмірдегі ең басты құндылық деп санайды. Ал азаматтардың 85 пайызы отбасының берекесі ата-ана мен бала арасындағы өзара сенімге байланысты екенін алға тартқан.

Мемлекет тарапынан отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытында бірнеше ауқымды жоба сәтті жүзеге асырылып келеді.

Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңіріндегі мектептер жанынан құрылған 500-ден астам Әкелер кеңесі белсенді қызмет етіп жатыр. Сонымен қатар «Әкелер одағының» қоғамдағы ықпалы артып, жыл сайын 600 мыңнан астам азаматты қамтитын 7 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылады.

Аида Балаева «Ата-аналар академиясы» жобасының да әкелер мен аналарға бала тәрбиесіне қатысты заманауи білім мен тәжірибе бөлісуде таптырмас құралға айналғанын атап өтті.

«Осынау мерейлі күні барша әкелерге зор денсаулық, бақ-береке, отбасыларыңызға амандық пен шаттық тілеймін. Перзенттеріңіздің жетістігіне қуанып, олардың қызығын көріп, абырой-беделдеріңіз арта берсін! Әкелер күні құтты болсын»,— деп түйіндеді министр.