Тәркіленген заттардың қара нарықтағы құны шамамен 30 миллион теңгені құрайды
Ақмола облысында полицейлер ірі көлемде есірткі таратумен айналысқан күдіктіні құрықтап, заңсыз айналымнан психотроптық заттардың ірі көлемін тәркіледі. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тәркіленген заттардың қара нарықтағы құны шамамен 30 миллион теңгені құрайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәлімет бойынша, Ақмола облысының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктіні облыс орталығында қолға түсірді. Тексеру кезінде оның 47 жастағы жергілікті тұрғын екені анықталды.
Тәртіп сақшылары күдіктінің автокөлігін тінту барысында психотроптық заттар салынған екі полиэтилен пакетін тауып, тәркіледі.
Тергеу нұсқасы бойынша, ұсталған азамат Көкшетау қаласына синтетикалық есірткінің ірі партиясын жеткізген. Ол тыйым салынған заттарды үйінде сақтап, кейіннен оларды ұсақ дозаларға бөлген. Осыдан кейін есірткіні әрі қарай тарату үшін тасымалдаушыларға беруді көздеген.
Қазіргі уақытта бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс аясында барлық қажетті сараптама тағайындалды. Тәртіп сақшылары заңсыз бизнестің барлық мән-жайларын анықтап, ұсталған азаматтың өзге де сыбайластарын іздестіру үстінде.