Бектенов шекарада бақылауды күшейтіп, жанармайды заңсыз әкетуге тыйым салды

Автор: Дәулет Ботагөз

1 айдың ішінде елімізден 12 тоннаға жуық жанар-жағармай материалдарын заңсыз алып өтпек болғандар құрықталған

Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов мұнай өнімдері нарығындағы ахуал бойынша жауапты министрліктер мен құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен шұғыл кеңес өткізді. Үкімет басшысы елден отынды заңсыз шығару схемаларының жолын кесуді тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазіргі уақытта Қазақстанда мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автокөлікпен және жеңіл дистилляттарды теміржол арқылы ел аумағынан шығаруға ресми тыйым салынған. Сонымен қатар ішкі нарықты қорғау үшін автокөліктердің мемлекеттік шекарадан тәулігіне бір реттен көп өтуіне шектеу енгізілген.

Жиын барысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, ҰҚК Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов және Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов баяндама жасады. Олжас Бектенов ішкі нарықта жанармай тұрақтылығын сақтаудың стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр құзырлы органдарға бірқатар нақты міндет жүктеді. Атап айтқанда, Шекара қызметі мен Қаржы министрлігіне мемлекеттік шекарада бақылауды күшейтіп, мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаудың барлық жасырын схемасын анықтап, олардың жолын кесу тапсырылды. Ал Энергетика министрлігіне елдегі мұнай өнімдерінің өндірісі, қоры және тұтыну балансына тұрақты мониторинг жүргізіп, тапшылық қаупі туындаған жағдайда жедел қосымша шаралар қабылдау міндеті жүктелді.

ІІМ берген ресми мәліметке сүйенсек, тек соңғы айдың ішінде елімізден 12 тоннаға жуық жанар-жағармай материалдарын заңсыз алып өтпек болғандар құрықталған. Тәртіп сақшылары шекара маңында бензин бактары заңсыз қайта жабдықталған 54 автокөлікті анықтап, олардың иелерін жауапкершілікке тартты.