Ол осыдан бірнеше жыл бұрын есірткі саудасы үшін сотталған
Есірткі саудасы үшін сотталған Қазақстан азаматы Қырғызстаннан экстрадицияланды. Ол осыдан 16 жыл бұрын шыққан сот үкімінен бой тасалап, шетелге қашып кеткен болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, 2010 жылдың 23 қарашасында сот бұл әйелді контрабанда және аса ірі мөлшерде есірткі саудалағаны үшін кінәлі деп таныған. Ол ақшалай сыйақы үшін шекарадан 1 килограммнан астам гашиш алып өтпек болған кезде қолға түскен еді. Сот шешімімен ол мүлкі тәркіленіп, 15,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі шыққан кезде әйелдің артында кішкентай баласы болған. Сондықтан заң аясында оған жеңілдік берілді.
«Сотталушының жас баласы болуына байланысты, жазасын өтеу мерзімі баласы 14 жасқа толғанға дейін кейінге шегерілген болатын. Алайда, пробациялық бақылауда жүрген әйел 2017 жылы сот үкімін орындаудан қашып, өзге елге жасырынған. Содан кейін оған ресми түрде халықаралық іздеу жарияланды», — деп мәлімдеді прокурорлар.
Арада тоғыз жыл өткенде, яғни 2026 жылдың наурыз айында іздеудегі келіншек Бішкек қаласында қолға түсті. Қазіргі уақытта ол Қазақстанға жеткізіліп, тергеу изоляторына қамалды. Енді ол өзіне кесілген 15 жарым жылдық мерзімді түрмеде өтейтін болады.