Өрт сөндірушілер жеткенге дейін үйден 110 адам өз бетімен эвакуацияланып үлгерген
Астананың Сарайшық ауданындағы тоғыз қабатты тұрғын үй кешендерінің бірінен өрт шықты. Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері оқиға орнынан ондаған тұрғынды қауіпсіз жерге шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өрт А-91 көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің пәтерлерінің бірінде тұтанған. Онда жиһаздар мен үй заттары жанып, жалын 10 шаршы метр аумаққа жайылған. Өрт сөндірушілер жеткенге дейін үйден 110 адам өз бетімен эвакуацияланып үлгерді.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары ғимарат ішін тексеру барысында түтін арасынан адамдарды іздеуге кірісті.
«Құтқару жұмыстары кезінде газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары арнайы құтқару қалпақтарының көмегімен 14 адамды, оның ішінде 5 баланы аман алып қалды», — деп хабарлады ТЖМ өкілдері.
Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел әрекетінің арқасында тілсіз жау толығымен ауыздықталды. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Құтқарушылар азаматтарға тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін тағы бір мәрте ескертеді.