Jüregımnıñ Jeñımpazy: елордада ауқымды қайырымдылық марафонына дайындық басталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Өткен жылы бұл іс-шараны 5 мың адам қолдаса, биыл қатысушылар саны 7 мың адамға жетеді деп күтілуде

Фото: Heart Center Foundation

Бүгін Астанадағы Ботаникалық бақ аумағында жыл сайын өткізілетін Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіру фестиваліне арналған алғашқы дайындық жаттығуы басталды. Өткен жылы бұл іс-шараны 5 мың адам қолдаса, биыл қатысушылар саны 7 мың адамға жетеді деп күтілуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаттығуларды өткізу орны ретінде Астанадағы Ботаникалық бақта орналасқан «Сый» мүсіндік композициясының маңындағы алаң таңдалды. Инсталляцияның атауы Jüregımnıñ Jeñımpazy жүгіру фестивалінің негізгі идеясымен үндеседі. Аталмыш іс-шара трансплантацияны күтіп жүрген пациенттерді қолдауға арналған.

Дәстүр бойынша 9 тамызға дейін Heart Center Foundation қоғамдық қоры спортпен айналысқысы келетін және жүгіру фестивалінің әлеуметтік миссиясын қолдауға ниетті барлық азаматтарға арналған ашық жаттығулар ұйымдастырады. Қатысушылардың дайындық деңгейіне қарамастан барлығы қатыса алады. Сенбі күндері жалпы саны 8 жаттығу таңғы 8-де өткізіледі: 20 және 27 маусым, 4, 11, 18 және 25 шілде, сондай-ақ 1 және 8 тамыз.

Жаттығулар кәсіби жаттықтырушылар мен Қазақстанның танымал спортшыларының жетекшілігімен өтеді. Олар қатысушыларға таңдаған қашықтыққа дайындалуға көмектесіп, жүгіру бойынша пайдалы кеңестер береді және бірлескен қыздыру жаттығуларын өткізеді. Қорытынды сабақ барысында қатысушылар жүгіру бағытымен танысып, оны сәтті бағындыруға қатысты ұсыныстар алады.

Жаттығуларға ағза трансплантациясынан өткен реципиенттер де қатысады. Олардың көпшілігі жыл сайын Jüregımnıñ Jeñımpazy жүгіру фестивалінің мәре сызығына шығып, 10 шақырымдық қашықтықты сәтті еңсереді. Олар өз үлгісі арқылы трансплантацияның адамның толыққанды әрі белсенді өмірге қайта оралуына, сондай-ақ жаңа мақсаттар қоюына мүмкіндік беретінін көрсетіп келеді.

Бүгінде Қазақстанда 4 604 адам трансплантацияға мұқтаж жандардың Күту парағында тұр, олардың 120-сы балалар. Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есе артып, 6 адамнан 18 адамға жетті. Соның нәтижесінде қайтыс болған донорлардан жасалған трансплантациялар саны 23-тен 68-ге дейін өсті, ал жүрек трансплантациясы операцияларының саны 5-тен 15-ке дейін артты. Соған қарамастан, донорлық ағзаларға деген қажеттілік әлі де жүйенің мүмкіндіктерінен әлдеқайда жоғары: 2025 жылы 342 адам өз трансплантациясын күтіп үлгермеді.

«Соңғы жылдары Қазақстанда трансплантологияны дамыту және ағза донорлығы мәселелері бойынша қоғамдық хабардарлықты арттыру бағытында оң өзгерістер байқалуда. Біз қайтыс болғаннан кейінгі донорлар санының өсуін, трансплантациялар санының артуын және қоғамның бұл тақырыпты талқылауға белсендірек араласа бастағанын көріп отырмыз. Алайда донорлық ағзаларға деген қажеттілік әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Бүгінде мыңдаған пациент өмірлік маңызы бар трансплантацияны күтуде. Сондықтан Jüregımnıñ Jeñımpazy сияқты қайырымдылық жүгіру-фестивалі секілді бастамалардың маңызы ерекше», – деп атап өтті Heart Center Foundation директоры Мұрат Зауыров.