Билет алып қойған жолаушыларға ақшасы толықтай қайтарылады
Елімізде енгізілген карантиндік шектеу шараларына байланысты темір жол қатынасымен жүретін жолаушылар саны азайып кеткен. Соның себебінен Алматыдан Өскеменге және Орал қаласына қатынайтын екі пойыз жұмысын уақытша тоқтатты деп хабарлайды «Жолаушылар тасымал» АҚ-ның баспасөз қызметі.
Аталған бағыттарда қатынайтын пойыздар коммерциялық болып есептелгендіктен, компания бюджетіне шығын келген.
«Қоғамның қаржы мәселесіндегі қолайсыздықтың алдын-алу мақсатында, сұранысқа аз болып отырған Тальгоның екі коммерциялық жолаушылар пойызының жүруін уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады:
- № 69/70 «Алматы-2 – Өскемен-1» бағытындағы пойыз Алматыдан жөнелтілуі 1 тамыздан бастап, Өскеменнен келуі/жөнелтілуі 2 тамыздан бастап;
- № 51/52 «Алматы-2 – Орал» бағытындағы пойыз Алматыдан 2 тамыздан бастап, Оралдан келуі/жөнелтілуі 4 тамыздан бастап.
Аталған пойыздарға бұрын жол жүру құжаттарын (билеттерін) ресімдеген жолаушылар жол жүру құжаттарын қайтаруды ресімдей алады және ақшалай қаражатты ұстап қалусыз толық көлемде ала алады», - делінген аталған хабарламада.
Билеттер үшін төлемдерді қайтару билетті қайтару тәртібі мен сатып алу тәсіліне байланысты қолма-қол және қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы жүргізіледі. Жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесі бойынша барлық анықтамалық ақпаратты «105» нөмірі бойынша білуге болады.
Ұлттық тасымалдаушы жолаушылардан қабылданған шараларға түсіністікпен қарауды және коронавирустық пандемияның таралуы кезеңінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауды сұрайды.