ШҚО-да браконьерлер Марқакөлден қызыл кітапқа енген 700 кг балық аулап, 200 литр уылдырық шығарған

Автор: Асыл Арман

23-50 жас аралығындағы алты адам қолға түсті

Фото: Видеодан скрин

ШҚО-да браконьерлер тобы ұсталды. Олардың үйінен қызыл кітапқа енген 700 кг балық пен 200 литр уылдырық табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ШҚО бойынша департаменті Марқакөл ауданында ауқымды арнайы операция жүргізді.

Облыстық ПД мәліметінше, жедел іс-шаралар нәтижесінде Қызыл кітапқа енгізілген балық түрлерін заңсыз аулауды кәсіпке айналдырған, жасы 23 пен 50 аралығындағы алты адамнан құралған қылмыстық топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды.

Марқакөл және Урунхайка ауылдарында жүргізілген тінту барысында бағалы балық түрлерінің 700 келіден астамы, оның ішінде ускуч пен хариус балығы, сондай-ақ 200 литрден астам ускуч уылдырығы тәркіленді. Бұдан бөлек, күдіктілерден пайдалануға тыйым салынған тор, балық аулау жабдықтары, қысқы балық аулауға арналған құрылғылар, радиостанциялар және оқ-дәрілер алынды.

«Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сот санкциясымен күдіктілерге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта құқыққа қарсы әрекеттің барлық мән-жайын анықтауға, ықтимал сыбайластарын және заңсыз жолмен алынған өнімді өткізу арналарының жолдарын белгілеуге бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – делінген ПД хабарламасында.

ШҚО Полиция департаментінде экологиялық қылмыстармен күрес жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. Табиғи ресурстарды заңсыз пайдаланудың әрбір дерегіне құқықтық тұрғыдан қатаң баға беріліп, кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.