Черногория 2028 жылы Еуропа Одағының толық мүшесі болуы мүмкін
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Черногория президенті Яков Милатович кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғасқан келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық перспективасы талқыланды.
Мемлекет басшысы Черногорияны Қазақстанның Балқан түбегіндегі сенімді серіктестерінің бірі ретінде атады. Сонымен қатар ел басшылығының Еуропа Одағына мүше болуды көздеген сындарлы әрі дәйекті саясатына жоғары баға берді.
«Президент мырза, сіз реформаларды ілгерілетіп, Еуропа Одағы мүшелігіне үміткер саналатын Черногорияның позициясын нығайтуда маңызды рөл атқарып келесіз. Осы ұлттық стратегиялық мақсатқа жету жолында табыс тілейміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның Черногориямен серіктестік қарым-қатынасты жандандыруға ниетті екенін жеткізіп, соңғы жылдары тұрақты сипат алған жоғары деңгейдегі саяси байланыстардың арқасында ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Подгорицада Қазақстан бас консулдығының ашылуы Астананың екіжақты байланыстарды барынша кеңейтуге бейіл екенін көрсетеді.
Осы орайда президент елордамызда Черногорияның дипломатиялық миссиясын ашу, сондай-ақ парламентаралық байланыстарды күшейту жөніндегі қарымта қадамдардың маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы бизнес өкілдерінің бүгінгі кездесуі мен сауда палаталары арасында қол қойылатын өзара түсіністік туралы меморандум іскерлік қатынастарды дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
«Қазақстан нарығына кіргісі келетін черногориялық компанияларды қуана қарсы аламыз. Кәсіпкерлеріңізге қолайлы жағдай жасауға дайынбыз», – деді президент.
Яков Милатович Қазақстанға сапары екіжақты дипломатиялық байланыс орнағанына 20 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отырғанына мән берді.
«Бұл сапар саяси тұрғыдан екі ел арасындағы сенім деңгейі жоғары екенін байқатады. Оның іскерлік бөлігіне жауапты Экономикалық палата да сапардың мазмұнды өтуіне мүдделі. Сауда палаталары арасында қол қойылатын Өзара түсіністік туралы меморандум тығыз экономикалық ықпалдастыққа тың серпін береді деп санаймын», – деді Черногория президенті.
Оның айтуынша, Қазақстан визасыз режим қолданылатын елдердің қатарына кіреді.
«Біз қазір Еуропа Одағына мүше болу үдерісінің соңғы кезеңіндеміз. 2028 жылы Одақтың толық мүшесі боламыз деп үміттенеміз. Бұл Черногория мен Қазақстан арасындағы серіктестікті нығайтатын тағы бір алаң болмақ», – деді Яков Милатович.
Тараптар өзара сауда көлемін ұлғайту, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру сияқты экономиканың басты секторларындағы ынтымақтастықты арттыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Сонымен қатар мемлекеттер басшылары екі елдің туризм, жоғары білім және ғылым салаларындағы серіктестігін, мәдени-гуманитарлық байланыстарын ілгерілетуге уағдаласты. Бұл бастамалар халықтарымыздың достығы мен өзара түсіністігін нығайта түседі.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория Ұлттық кітапханасы жанынан Абай орталығын ашуға ықпал еткені үшін Яков Милатовичке ризашылығын білдірді.
Бұдан бөлек, президенттер жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.