Алматыда 11-қабаттан құлаған ер адам көз жұмды

Автор: Асыл Арман

Оны алғаш болып тұрғын үй кешенінің күзетшісі байқап, бірден жедел жәрдем шақыртқан

Фото: Видеодан скрин

Алматы қаласының Бостандық ауданында қайғылы жағдай болды – ер адам биіктен құлап, алған жарақатынан көз жұмды. Қазіргі уақытта оқиға бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 37 жастағы ер адам өз пәтерінің 11-қабатынан секіріп кеткен.

Оны алғаш болып тұрғын үй кешенінің күзетшісі байқап, бірден жедел жәрдем шақырып, алғашқы көмек көрсетуге тырысқан.

«Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы мен полиция қызметкерлері келді. Зардап шеккен азамат шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлердің көрсеткен көмегіне қарамастан, есін жимастан көз жұмды. Марқұмның осы тұрғын үй кешенінің тұрғыны екені анықталды», – делінген полиция хабарламасында.

Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.