Ол өзін білім беру саласында байланыстары бар адам ретінде таныстырған
Астанада білім грантын алып беруге, сондай-ақ магистратура мен докторантураға оқуға түсіруге көмектесемін деген желеумен 111 адамды алдаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, сотталушы өзін білім беру саласында байланыстары бар адам ретінде таныстырып, азаматтарды жоғары оқу орындарына түсіруге және мемлекеттік грант алып беруге кепілдік беретінін айтқан.
«Оның уәдесіне сенген жәбірленушілер қомақты көлемде ақша берген. Алайда шын мәнінде ешқандай қызмет көрсетілмеген, ал алынған қаражатты күдікті өз қажетіне жаратып отырған», – делінген хабарламада.
Алаяқтық әрекеттердің салдарынан 111 азамат зардап шеккен. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 70 миллион теңгені құраған. Сонымен қатар жәбірленушілердің басым бөлігіне келтірілген шығын әлі күнге дейін өтелмеген.
Сотталушы кінәсін мойындағанымен, сот оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 2026 жылғы 12 мамырда шығарылған үкім заңды күшіне енді.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тетіктерді нығайтуға, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға және заңды қатаң сақтау ұлттық бірегейліктің негізіне айналатын қоғам құруға бағытталған негізгі саяси қағидат.