Олардың айлығы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді
Бүгін Ақордада медицина қызметкері күніне орай салтанатты іс-шарада президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина мамандарының жалақысына қатысты пікір айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жалпы, мемлекет дәрігерлерді құқықтық тұрғыдан қорғаумен қатар, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән береді. Соңғы үш жылда сала мамандарына көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың көлемі жеті есе ұлғайды. Медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Тек биылдың өзінде бұл мақсатқа қазынадан 33 миллиард теңге бөлінді. Осындай шаралардың арқасында медицина саласындағы кадрлық ахуал да тұрақтала түсті. Сондай-ақ шалғай ауылдарда еңбек ететін дәрігерлерге ерекше қолдау көрсетілуде. Оларға бір реттік көтерме төлемдер берілуде. Атап айтқанда, былтыр 530 маманға жалпы сомасы 4,5 миллиард теңге қаржы бөлінді», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы үкіметке бүкіл денсаулық сақтау инфрақұрылымына ауқымды реновация жүргізу жөнінде тапсырма берді.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының бірінші кезеңі сәтті іске асырылды. 2023 жылдан бастап жаңадан 655 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны салынды. Биыл 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары аяқталады. Бұл азаматтарды тұрғылықты жерде сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етеді. Елордада және өңірлерде мамандандырылған ғылыми институттар мен көпбейінді ауруханалар, заманауи емханалар және перинатальды орталықтар бой көтеруде. Дегенмен алдағы жұмыс – ауқымды. Елімізде пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен 14 мыңнан аса нысан әлі де қызмет көрсетіп тұр. Сондықтан үкімет бүкіл денсаулық сақтау инфрақұрылымына ауқымды реновация жүргізіп, олардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуы қажет», - деді ол.