«Ең қадірлі мамандық»: Тоқаев дәрігерлерді Ақордаға шақырып, алғыс білдірді

Автор: Асыл Арман

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз басында сала мамандарын медицина қызметкері күнімен құттықтады

Фото: Ақорда

Ақордада медицина қызметкері күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз басында сала мамандарын медицина қызметкері күнімен құттықтады.

«Өткен жылы біз ардақты кәсіп иелері – медицина мамандарын алғаш рет Ақордаға шақырып, құрмет көрсеттік. Биыл да игі дәстүрге сай өздеріңізді осы жерде көргеніме өте ризамын. Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деген тағылымды сөзге ерекше мән берген. Ұлт саулығы – еліміз үшін бәрінен қымбат құндылық. Сондықтан медицина саласын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті саналады. Осы орайда, дәрігердің ел өміріндегі орны айрықша екені сөзсіз. Шын мәнінде, денсаулық сақтау саласында қоғам игілігі үшін адал қызмет етіп жүрген әр қызметкердің еңбегі ерен», – дейді президент.

 Ол өз сөзінде медицина ең қадірлі мамандық екенін тілге тиек етті.

«Халқымыз сіздерді ең қадірлі мамандық иесі ретінде сыйлайды және құрметтейді. Түптеп келгенде, медицина мамандары еліміздің басты байлығы – азаматтарымыздың денсаулығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Мен мемлекет басшысы ретінде осы салада табанды еңбек етіп жүрген барша қызметкерге шынайы ризашылығымды білдіремін», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.