Астанада қолына кастет таққан бір топ бозбала жасы кіші балаларды аяусыз ұрып кеткен (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Оқыс оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды

Фото: Видеодан скрин

Астана қаласында қолына кастет таққан бір топ бозбала аулада жүрген жасы кіші балаларды аяусыз ұрып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Зардап шеккен балалардың ата-аналарының айтуынша, бір топ жасөспірім бес баланы кезек-кезек соққыға жыққан. Балалардың бірінің соққыға жығылған сәті түсірілген бейнежазба бар. Сондай-ақ басқа да кәмелетке толмағандардың зардап шеккенін растайтын деректер бар. Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл кезінде кастет қолданылған болуы мүмкін.

Барлық дене жарақаттары тіркелген. Ата-аналар құқық қорғау органдарына жүгініп, тиісті арыз жазған. Сондай-ақ оқиғаға қатысушылардың кейбірі бұған дейін профилактикалық есепте тұрғаны хабарланды.

Оқыс жағдайға қатысты қалалық Полиция департаменті ресми түсініктеме берді.

«Оқиғаға қатысқан барлық тұлға бір-бірін бұрыннан танитыны анықталды. Олар Сарыарқа ауданы полиция басқармасына жеткізілді. Дене жарақатын келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді», – делінген ПД хабарламасында.