«20 тонна жарылғыш зат тиеп бара жатқан»: белгілі айтыскер мен оның жұбайына қатысты тың дерек шықты

Автор: Асқарова Қарлығаш

Тергеу аясында КамАЗ жүк көлігімен соқытығысқан Chevrolet Tracker жүргізушісінің рөлде қалғып кетуі мүмкін деген нұсқа да қарастырылып жатыр

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Айтыскер ақын Салтанат Өтелбаева мен оның жұбайы Мырзабек Қасымовтың өмірін қиған жол апатына қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға 16 маусым күні таңғы сағат 07:00 шамасында Ақмола облысындағы Астана – Атбасар – Жақсы автожолының 231-шақырымында болған.

Полицияның алдын ала мәліметінше, Chevrolet Tracker жеңіл көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, КамАЗ жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында тіл тартпай кетті.

«Қостанай облысында тіркелген КамАЗ көлігі Астана бағытына карьер жұмыстарында қолданылатын шамамен 20 тонна жарылғыш зат тасымалдап бара жатқан. Жүргізушінің қауіпті жүк тасымалдауға қажетті рұқсат құжаттары болған, көлікте күзет қызметкері де болған. Тергеу аясында Chevrolet Tracker жүргізушісінің рөлде қалғып кетуі мүмкін деген нұсқа да қарастырылып жатыр. Жол-көлік оқиғасынан кейін жарылыс немесе өрт тіркелген жоқ», – деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаменті.

Жол апатынан тағы екі адам түрлі дене жарақатын алып, медициналық көмекке жүгінген.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.