АҚШ пен Иран қандай келісім жасады: меморандумның толық мәтіні жарияланды

Бұл келісім Ормуз бұғазын дереу ашуға мүмкіндік бермек

АҚШ пен Иран қандай келісім жасады: меморандумның толық мәтіні жарияланды
Фото: GETTY IMAGES

Америкалық CNN телеарнасы АҚШ пен Иран арасындағы өзара түсіністік туралы 14 тармақтан тұратын меморандум мәтінін жариялады. Құжат әзірге ресми түрде жарияланған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Меморандум мәтіні телеарнаның сайтында жарияланған. Оның мазмұнын Францияда өткен G7 саммиті кезінде құжат жобасымен танысқан дипломат, сондай-ақ келіссөздерге қатысы бар тағы екі дипломатиялық дереккөз растаған.

Құжатқа сәйкес, АҚШ Иранға мұнай мен мұнай-химия өнімдерін экспорттауға рұқсат береді. Сонымен қатар, Тегеран ядролық бағдарламаға қатысты міндеттемелерін орындаған жағдайда көлемі 300 миллиард доллар болатын даму қорына қол жеткізе алады.

Алайда құжатта Иранның жоғары байытылған уранының болашақ тағдырына қатысты нақты ережелер көрсетілмеген.

«Бұл келісім Ормуз бұғазын дереу ашуға мүмкіндік береді, ирандықтарды ядролық қалдықтарды жоюға міндеттейді және егер Иран өз әрекеттерін жақсартса, экономикалық санкцияларды жеңілдетуге жол ашады. Бұл өз кезегінде елдің әл-ауқатын арттыруы мүмкін», – деді АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілі.

Меморандумға қол қойылғаннан кейін Иран 30 күн ішінде Парсы шығанағы мен Оман теңізі арасындағы сауда кемелерінің тұрақты қозғалысын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдауға міндетті.

CNN-ге пікір білдірген америкалық шенеунік жарияланған мәтіннің АҚШ президенті Дональд Трамп, вице-президент Джей Ди Вэнс және Иран парламентінің спикері Мохаммад-Багер Галибаф электронды түрде қол қойған құжатқа сәйкес келетінін айтты.

Сонымен қатар келіссөздердің жабық өтуіне байланысты жарияланған жоба жұма күні Швейцарияда қол қойылуы жоспарланған құжаттың соңғы нұсқасымен толық сәйкес келе ме, жоқ па – бұл әзірге белгісіз. Бұдан бөлек, техникалық мәселелер бойынша келіссөздер жалғасып жатқандықтан, мәтінге өзгерістер енгізілуі мүмкін.

АҚШ шенеуніктері CNN-ге берген түсініктемесінде меморандумның көбіне «саяси құжат» екенін және онда Иранның ядролық бағдарламасының болашағына қатысты бейресми келісімдердің барлығы қамтылмағанын атап өтті.

Ал Иранның жартылай ресми Tasnim News Agency агенттігі БАҚ-та жарияланған құжат нұсқаларының нақты емес екенін мәлімдеді. Меморандумға ресми түрде 19 маусым, жұма күні қол қою жоспарланған. Одан кейін келісімнің түпкілікті шарттарын талқылауға арналған 60 күндік келіссөз кезеңі басталады.

16 маусымда Трамп алдағы күндері Иранмен қол қойылған меморандумның егжей-тегжейін жариялауы мүмкін екенін айтқан. Ал бұған дейін ол құжатқа қол қойылғанын растаған және Ормуз бұғазының кеме қатынасы үшін ішінара ашылғанын мәлімдеген.