Астанада Мәңгілік Ел даңғылының бір бөлігі айдың соңына дейін жабылады

Қала әкімдігі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге бағыттарын алдын ала жоспарлауға кеңес берді

Астанада Мәңгілік Ел даңғылының бір бөлігі айдың соңына дейін жабылады
Фото: gov.kz

Астанада 2026 жылғы 17–30 маусым аралығында Мәңгілік Ел даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысындағы көлік жолайрығында қозғалысқа ішінара шектеу енгізіледі. Бұл туралы елорда әкімдігі хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шектеулер қаладағы ең қарқынды қозғалыс жүретін учаскелердің бірінде жол жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты енгізіліп отыр.

Жөндеу кезеңінде көлік қозғалысы жолайрықтың бір жағымен екі бағытта ұйымдастырылады. Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аталған аумақта уақытша жол белгілері мен бағыттаушы көрсеткіштер орнатылады.

Қала әкімдігі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге бағыттарын алдын ала жоспарлап, жолдағы ықтимал кептелістер мен қозғалыс сызбасындағы өзгерістерді ескеруге кеңес берді.