Бас жүлде – 100 мың доллар: Қазақстанда жаңа әдеби байқау жарияланды

Байқауға еліміздің кез келген азаматы қатыса алады

Бас жүлде – 100 мың доллар: Қазақстанда жаңа әдеби байқау жарияланды
Фото: istockphoto.com

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қала хикаялары» атты жаңа республикалық әдеби байқаудың басталғанын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Проза жанрындағы байқау қазіргі Қазақстан қалаларының тыныс-тіршілігін көркем шығармалар арқылы бейнелейтін жаңа авторларды анықтауға және қолдауға бағытталған. Қатысушылар қала мәдениеті, адам тағдыры, қоғамдағы өзгерістер, ұлттық болмыс пен заманауи құндылықтардың сабақтастығы тақырыптарын қамтитын шығармалар ұсынуы қажет.

Байқауға Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Қабылданатын туындылардың көлемі кемінде 10 авторлық баспа табақты құрауы тиіс. Бір авторлық баспа табақ көлемі 40 мың таңбаға тең. Сондай-ақ шығарма бұрын еш жерде жарияланбаған болуы қажет. Әр автор байқауға бір ғана роман ұсына алады.

Жеңімпаздарды белгілі жазушылар мен қоғам қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы анықтайды. Қорытынды шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

Байқау қорытындысы бойынша үздік шығармалардың авторлары дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Бұдан бөлек, жүлделі орын алған шығармалар 15 мың дана таралыммен жарық көріп, еліміздің кітапханаларына таратылады.

Байқау ережесіне сәйкес, Бас жүлде иегеріне 100 мың АҚШ доллары, І орынға – 75 мың АҚШ доллары, ІІ орынға – 50 мың АҚШ доллары, ІІІ орынға – 30 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы беріледі.

Шығармалар 2026 жылғы қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында қабылданады. Құжаттарды Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8, 14-кіреберіс мекенжайындағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне тапсыру қажет.