Астанада бірнеше жасөспірім Триатлон саябағындағы балаларға арналған ойын алаңын өртеп жіберді (ВИДЕО)
Кәмелетке толмаған балалардың заңды өкілдері жауапқа тартылады
Астанада Триатлон саябағында орналасқан «Арқар» көпірінің астындағы балалар ойын алаңы алапат отқа оранды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.
«Отты өз күшімізбен сөндіргіміз келген, арнайы өрт сөндіргішті қолдандық. Бірақ жалын тез тарап кетті. Кінәлілерді тауып, жауапқа тартады деп үміттенеміз», – дейді куәгерлер.
Оқыс оқиғаға қатысты қалалық Төтенше жағдайлар департаменті пікір білдірді.
«Бүгін таңертең ерте «112» нөміріне Астананың Алматы ауданындағы Триатлон паркінің аумағында орналасқан алаңда өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына небәрі 6 минутта жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жауды жедел түрде ауыздықтап, 25 шаршы метр аумақтағы өртті толық сөндірді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр», – дейді қалалық ТЖД.
Ал полиция ойын алаңына өрт қойған кәмелетке толмаған бозбала екенін анықтады. Алдын ала мәліметтер бойынша, таңғы уақытта кәмелетке толмаған төрт жасөспірім ересектердің қарауынсыз елордадағы саябақтардың бірінің аумағындағы көгалға қасақана өрт қойған. Өрт дер кезінде оқшауланып, сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.
«Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері шұғыл әрекет етіп, өрт сөндіру қызметкерлері келгенге дейін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Кәмелетке толмағандардың жеке басы анықталып, олар полиция бөліміне жеткізілді. Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бұлдіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін заңнамаға сәйкес жауаптылыққа тартылады», – дейді қалалық Полиция департаменті агенттік тілшісіне берген пікірінде.
Полиция департаменті ата-аналарға балалардың қайда жүргенін және бос уақытын қалай өткізетінін тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін еске салады. Ересектер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы құқыққа қарсы әрекеттердің жасалуына, айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруге және заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.