Депутаттық сауалында мәжілісмен Жарқынбек Амантайұлы шетелдік гранттар алатын ұйымдардың қызметін бақылау тетіктерін жетілдіруді ұсынды
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың шетелден ақша алуына бақылауды күшейтуді ұсынып, саладағы заңнамада бірқатар олқылық бар екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, шетел мемлекеттері мен халықаралық ұйымдар Қазақстандағы гранттық жобаларды қаржыландыру үшін қомақты қаражат бөледі. Оның сөзінше, мұндай қаражат есебінен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік маңызы бар жобалардың оң нәтижелері аз емес және олардың тиімділігіне қатысты ешқандай наразылық жоқ.
Алайда ол шетелдік гранттық қаржыландыру кей жағдайда «жұмсақ күштің» құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін екенін айтты.
«Кейбір жағдайларда мұндай қаржыландыру елімізде қоғамдық келісімді әлсіретуге, қоғамдық құндылықтар мен мемлекеттік мүдделерге қайшы келетін бөгде көзқарастар мен шетелдік саясатты ілгерілетуге бағытталуы мүмкін», – деді депутат.
Осыған байланысты мәжілісмен Қазақстандағы ҮЕҰ-ларды шетелдік қаржыландыруды бақылау саласындағы заңнамаға талдау жүргізілгенін жеткізді. Оның айтуынша, қолданыстағы құқықтық тетіктер мемлекеттің мүдделерін толық қорғауды қамтамасыз ете алмай отыр.
Депутат ең алдымен шетелдік қаржыландыру туралы есептіліктің шектеулі екенін атап өтті. Оның сөзінше, Салық кодексінің 56-бабының 9-тармағына сәйкес ҮЕҰ-лар шетелден алған қаражат туралы ақпаратты тек үш бағыт бойынша ғана ұсынады. Олар – заң көмегін көрсету, қоғамдық пікірді зерттеу мен социологиялық сауалнамалар жүргізу және ақпаратты жинау, талдау мен тарату.
Ал бұл тізімге кірмейтін өзге қызмет түрлері мемлекеттік бақылаудан тыс қалып отыр.
«Мысалы, мемлекеттің мүдделеріне қайшы келетін жоба қайырымдылық қызмет ретінде көрсетіліп қаржыландырылуы мүмкін», – деді ол.
Сондай-ақ депутат Мемлекеттік кірістер комитетінің банк операциялары туралы ақпаратқа тікелей қол жеткізе алмайтынын айтты. Оның сөзінше, шетелден келетін қаражаттың қозғалысын бақылау құзыреті Қаржылық мониторинг агенттігіне, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және Ұлттық банкке берілгенімен, бұл органдар арасында ақпарат алмасудың тұрақты тетігі жоқ.
Мәжілісмен шетелдік қаржыландыру алушылардың ресми тізілімі де нақты жағдайды толық көрсетпейтінін айтты. Оның мәліметінше, Мемлекеттік кірістер комитеті биыл наурыз айында жариялаған мониторинг қорытындысында 2025 жылдың екінші жартыжылдығында шетелдік қаржыландыру алған бар болғаны 155 субъект тіркелген. Олар шамамен 12 млрд теңге көлемінде қаражат алған.
Сонымен қатар депутат шетелдік қаржыландыру туралы есепті уақытылы тапсырмағаны үшін жауапкершілік қарастырылғанымен, оны қолдану барысында да қиындықтар туындайтынын атап өтті.
Депутат өз сауалында Үкіметтен жоғарыда аталған мәселелерді ескере отырып, бірқатар шараларды қарастыруды сұрады. Олар:
Депутаттың пікірінше, бұл шаралар ҮЕҰ секторындағы қаржылық ашықтықты күшейтіп, мемлекеттік мүдделерді қорғауға және шетелдік қаржыландырудың заңдылығы мен мақсатты пайдаланылуын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.