Түзетулер ұйым құжаттарын ұлттық заңнамаға сәйкестендіруге бағытталған
Мәжіліс Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) аясындағы екі халықаралық хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атап айтқанда, депутаттар 2010 жылғы 10 желтоқсандағы ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құрылымдарының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы және 2015 жылғы 15 қыркүйектегі ұйымға мүше мемлекеттердің әскери және өзге де құрылымдарын, олардың жылжымалы мүлкін, сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімдерді тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге түзетулер енгізу туралы хаттаманы мақұлдады.
Құжаттарды таныстырған тараптың мәліметінше, енгізілген өзгерістер негізінен нақтылау сипатында болып, келісімдердің ережелерін ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамаларына және ұйымның нормативтік-құқықтық базасына сәйкестендіруге бағытталған.
Бірінші хаттама аясында құрылымдарды басқару, олардың міндеттерін орындауы үшін қажетті тасымалдау және транзит мәселелерін жедел қарау, сондай-ақ ұжымдық қауіпсіздік күштері мен құралдарының тараптар аумағында жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауға қатысты нормалар жаңартылады.
Ал екінші құжат әскери және басқа да құрылымдарды өз міндеттерін орындау немесе бірлескен оқу-жаттығуларға қатысу кезінде тасымалдауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру рәсімдерін жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, шұғыл шаралар қабылданған жағдайда әскери құрылымдар мен техникаларды тасымалдау кезінде жеделдікті арттыру көзделген.
Депутаттардың айтуынша, қабылданған түзетулер жаңа міндеттемелер енгізбейді және қолданыстағы келісімдердің жекелеген нормаларын нақтылауға бағытталған.