Теңіз ауылындағы Қиғаш өзенінің жағалауы мен демалыс орындарын тазартылды
Атырау облысының Құрманғазы ауданында қоршаған ортаны қорғау мен туристік аймақтарды тазарту мақсатында «Таза мекен» экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шара Теңіз ауылындағы Қиғаш өзенінің жағалауы мен демалыс орындарын тазалауға, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және жастар мен еріктілерді табиғатты қорғау бастамаларына тартуға бағытталды.
Атырау облысының әкімдігі таратқан хабарламаға сүйенсек, тазалық жұмысы барысында қатысушылар Қиғаш өзенінің жағалауы мен демалыс орындарын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, аумақтарды ретке келтірді. Сонымен қатар «Волонтерлік негіздері. Эковолонтерлік» тақырыбында арнайы таныстырылым өтіп, экологиялық волонтерліктің қоғамдағы рөлі мен маңызы түсіндірілді.
«Теңіз ауылы өңірдегі маңызды туристік бағыттардың бірі саналады. Әсіресе шілде-тамыз айларында гүлдейтін лотос алқаптары көптеген туристің қызығушылығын тудырады. Осыған байланысты акция туристік маусым қарсаңында өткізіліп, табиғи аумақтардың тазалығын сақтау мен өңірдің экологиялық тартымдылығын арттыруды көздеді», – деп жазады облыс әкімдігі.
Іс-шара соңында белсенді қатысушыларға сертификаттар табысталып, ынталандыру мақсатында лотерея ұйымдастырылды.
Айта кетейік, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тетіктерді нығайтуға, құқық бұзушылыққа қарсы көзқарасты нығайтуға және заң талаптарын қатаң сақтау ұлттық бірегейліктің негізіне айналатын қоғам құруға бағытталған іргелі саяси бастамасы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы – елді мекендерді абаттандыруға, аумақтарды тазартуға, су айдындары мен ормандарды сақтауға, сондай-ақ тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған жалпыұлттық жоба.