Жөндеуден өткен 30 вокзал келесі айдан басьап пайдалануға беріледі
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жолаушылар вагондарын жаңарту жұмыстары жалғасып жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2030 жылға қарай жаңарту деңгейін 90 пайызға дейін жеткіземіз. Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды «Теміржол вокзалдарын жаңғырту» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында еліміздің барлық өңіріндегі 124 вокзал қамтылған. Қосымша жергілікті мемлекеттік органдар вокзал маңындағы алаңдарды жөндеп жатыр», - деді ол Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, Қазақстандағы жалпы жүк айналымының 57 пайызы теміржол көлігіне тиесілі. Сондай-ақ көлік саласындағы жалпы өнімнің үштен бірін қамтамасыз етеді.
«Теміржол көлігі экспорт пен транзитті тиімді жүзеге асырады. Сондықтан ел экономикасындағы стратегиялық маңызы зор. Инфрақұрылымды одан әрі дамыту өнеркәсіптің дамуына, экспорт көлемінің артуына және еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтуге тікелей ықпал етеді», - деді ол
Алғашқы 30 вокзал биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін пайдалануға беріледі.