Сол сияқты 1 836 шетел азаматының Қазақстанда жүру мерзімі қысқарды
Қазақстанда төрт күннің ішінде көші-қон заңнамасы 13 035 мәрте бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ Қазақстанда жүрген шетелдіктерге қатысты мынандай заң бұзылғанын анықтады:
Соттардың шешімімен көші-қон заңнамасын бұзған 1 559 адам ел аумағынан шығарылды. 1 836 шетел азаматының Қазақстан аумағында болу мерзімі қысқартылды. 122 шетел азаматы мәжбүрлі түрде елден шығарылды. Олардың барлығына Қазақстанға бес жыл мерзімге кіруге тыйым салынды.
«Елге заңсыз кірген 14 шетел азаматы анықталды. Аталған фактілер бойынша шекара қызметімен бірлесіп тергеу жүргізіліп жатыр. Халықаралық іздеуде жүрген және өз мемлекеттерінің әділ сот органдарынан жасырынған 21 шетел азаматы ұсталды. Анықталған құқық бұзушылықтарды талдау нәтижесі көрсеткендей, көптеген жағдайда көші-қон заңнамасының бұзылуына заңсыз әрі тез табыс табуды көздеген Қазақстан азаматтарының өздері себеп болып отыр», – делінген ІІМ хабарламасында.
Белгілі болғандай, Атырау облысында шетел азаматтарын Қазақстаннан көрші мемлекетке заңсыз өткізген Қазақстан азаматы ұсталды. Осыған ұқсас фактілер Жамбыл және Павлодар облыстарында да анықталды. Мысалы, Ақтөбе облысындағы құрылыс нысандарының бірінде заңсыз жұмыс істеген 60-қа жуық шетел азаматы анықталды.
Осындай дерек Астанада да тіркелді. Мұнда жұмыс беруші Африка мемлекеттерінің алты азаматының еңбегін заңсыз пайдаланған. Сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында, Қарағанды, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында құрылыс нысандарына шетел азаматтарын заңсыз жұмысқа қабылдағаны анықталды.
«Барлық құқық бұзушы мен олардың жұмыс берушілері заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, бір жыл ішінде шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын екі және одан да көп рет бұзған бес жұмыс берушіге қатысты тергеу басталды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес оларға қылмыстық жауапкершілік көзделген. Мұндай фактілер Жамбыл, Қарағанды және Атырау облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында анықталды. Көші-қон заңнамасын бұзудың алдын алу және анықтау бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр», – деп жазады Ішкі істер министрлігі.