Қазақстанның тағы бір өңірінде шегіртке қаптады

Өңірдегі зиянкестердің қаптағаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарап жатыр

Қазақстанның тағы бір өңірінде шегіртке қаптады
Фото: © freepik.com

Маңғыстау облысын шегіртке басып жатқаны туралы ақпарат тарады. Мамандар зиянкестер санының көбею себептері мен оларды жою үшін қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, өңірдегі шегіртке қаптағаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған. Тұрғындар зиянкестер ауыл шаруашылығына зиян келтіруі мүмкін деп алаңдаулы.

Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының хабарлауынша, биыл өңірде жауын-шашынның жиі түсуі мен қолайлы ауа райы жағдайларының әсерінен шегіртке зиянкестерінің таралу фактілері анықталған.

Осыған байланысты инспекция мамандары әдістемелік орталық өкілдерімен бірлесіп тұрақты түрде мониторинг және зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Қолға алған жұмыстар барысында зиянкестердің таралу ошақтары мен экономикалық зияндылық шегінен асқан аумақтар анықталады. Географиялық координаттары көрсетілген материалдар қажетті шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдар мен қызмет көрсетуші ұйымдарға жолданады. Химиялық өңдеу жұмыстарын мердігер ұйым – «Магтоксин» ЖШС жүргізеді», – деді Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Жолдас Сағынғали.

Мамандардың айтуынша, биыл үйірлі шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 11,1 мың гектар аумақты қамтымақ. Оның ішінде Бейнеу ауданында – 9,1 мың гектар, Маңғыстау ауданында – 2 мың гектар жер қамтылады.

Қазіргі уақытта Бейнеу ауданында 4,3 мың гектар алқап өңделген.

«Зиянкестердің санын азайту және олардың одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында ертең Тұщықұдық ауылдық округінің аумағында да осындай химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы жерлерін қорғау, егін өнімділігін сақтау және шегіртке зиянкестерінің жаппай таралуының алдын алу», – деді Жолдас Сағынғали.