Бурабайға бара жатқан автобус қарсы жолаққа шығып кетіп, жеңіл көлікке соқтығысты (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Оқиға 14 маусым күні сағат 13:10 шамасында болды

Фото: Видеодан скрин

Щучинск-Бурабай тасжолында Volvo автобусы мен Changan автокөлігі соқтығысып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақмола облысының Полиция департаменті таратқан хабарламаға сүйенсек, 14 маусым күні сағат 13:10 шамасында Щучинск-Бурабай автожолында Volvo автобусы мен Changan автокөлігі соқтығысып қалды.

«Астана-Бурабай бағыты бойынша жүріп бара жатқан және курорттық аймаққа демалушыларды тасымалдаған автобус қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Changan автокөлігімен соқтығысқан, содан кейін ағашқа соғылған», – деп хабарлады Ақмола облысының ПД.

Апат салдарынан 11 адам зардап шекті, оның ішінде 9-ы автобус жолаушысы және 2-еуі – Changan автокөлігіндегі адамдар. Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.