Археологтар Каспий жағасындағы ескі қалашықты зерттеп жатыр

Автор: Бақыт Шынар

Қарақабақ қалашығы 2006 жылы табылған еді

Фото: gov.kz

Маңғыстау облысы Каспий теңізі жағалауындағы Түпқараған ауданында орналасқан бірегей археологиялық ескерткіш – Қарақабақ қалашығында кешенді ғылыми зерттеулер жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасай отырып.

Көпжылдық археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері қазіргі Қазақстан аумағының ежелгі халықаралық сауда байланыстары жүйесіндегі рөліне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беріп отыр. Біздің заманымыздың I-VI ғасырларына жататын Қарақабақ қалашығы 2006 жылы Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы жүзеге асырған Маңғыстау облысының тарихи-мәдени ескерткіштер жинағын әзірлеу жобасы аясында анықталды.

2022 жылдан бастап Қарақабақ қалашығын зерттеу жұмыстары мен оларды қаржыландыруды Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты жүзеге асырып келеді. Осы уақыт ішінде аталған ескерткіш бойынша 24 ғылыми еңбек жарық көрді. Оның ішінде Археология институтының жобалары аясында үш монография мен Scopus дерекқорында индекстелетін тоғыз ғылыми мақала жарияланған.