Мәселеге прокуратура араласып, компанияның жұмысы үшін жол белгісін өзгерткен
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының прокуратурасы атақты «Леңгір» балмұздақ зауытының мүддесі үшін көшедегі жол белгісін өзгерткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның мәліметіне сүйенсек, мәселе балмұздақ тасымалдайтын жүк көліктеріне қатысты болған көрінеді.
«Балмұздақ шығаратын «Ленгер Групп» ЖШС-ның жүк көліктері зауыттың қоймасына кіру үшін Саттарханов көшесіндегі жол белгісінен қиындық көріп келген. Яғни, көшедегі екі жолақты жол зауыттың қоймасына тура кіріп кетуге кедергі жасаған. Кәсіпкер осы жол белгісін өзгерту үшін полицияға шағымданып, мәселесін шешіп беруді сұраған», - деп хабарлайды прокуратура.
Бірақ, прокуратура хабарлағандай, әкімшілік полиция оның арызын қабылдамаған. Сондықтан, кәсіпкер прокуратурадан көмек сұраған.
«Аудан прокуратурасы инвестордың туындаған мәселесін шешу үшін тиісті органға хат жолдап, қоймаға кіретін көше бойындағы тұтас сызықты үзік сызыққа ауыстырды», - деп хабарлайды прокуратура.