Фильмнің түсірілім жұмыстары 2023 жылы басталған болатын
Қазақстандық кинематография халықаралық аренада кезекті мәрте бой көрсетпек. Отандық режиссер Әліби Мұқышевтің «No Good In Sight: A Story» фильмі 28-ші Шанхай халықаралық кинофестивалінің бағдарламасына енді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«No Good In Sight: A Story» – режиссер әрі сценарий авторы Әліби Мұқышевтің шығармашылық жолындағы тұңғыш толықметражды туындысы. Фильмнің түсірілім жұмыстары 2023 жылы басталған болатын.
Айта кетерлігі, бұл жоба отандық жас таланттардың шеберлігін шыңдауға үлкен септігін тигізді.
Түсірілім тобының ерекшелігі – оның оқу үдерісімен тығыз байланысында және жастардың практикалық тәжірибе алуына бағытталуында. Жобаның авторы – К. Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Әліби Мұқышев. Сонымен қатар, кинотуындыны таспалау процесіне аталған жоғары оқу орнынан 70-ке жуық студент белсене қатысып, кәсіби ортада жұмыс істеу тәжірибесін жинақтаған.
Аталмыш фильм алғаш рет 16 маусымда Шанхай кинотеатрларында көрермен назарына ұсынылып, Қазақстанның кино өнерін Азиядағы ең ірі мәдени шаралардың бірінде таныстырады.
Драмалық туындының сюжеттік желісі әке мен бала арасындағы күрделі қарым-қатынас идеясы төңірегінде өрбиді. Режиссер кейіпкерлер тағдыры арқылы отбасының адам өміріндегі қасиетті орнын, өткен күннің ізі мен өмірлік тәжірибенің тұлға болмысына тигізер әсерін көркем тілмен бейнелейді.
Фильм жалғыздық, сағыныш, перзенттік парыз, жауапкершілік пен ар-ұят тақырыптарын қозғай отырып, адам жанының терең қатпарларына үңіледі. Туынды көрерменді отбасының қадір-қасиеті, тағдырдың тосын таңдауы және ішкі жан тыныштығын табудың маңызы туралы терең ойға жетелейді.
1993 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан Шанхай халықаралық кинофестивалі – әлемдік деңгейдегі ең беделді кинофорумдардың бірі.
Құрылтай халықаралық кинопродюсерлер қауымдастықтары федерациясы тарапынан «А» санатына аккредиттелген Қытайдағы алғашқы ресми кинофестиваль. Осындай деңгейдегі мәдени алаңда отандық туындының көрсетілуі қазақ кино өнерінің халықаралық нарықтағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдемек.