Қолға түскен ер адам бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды
Алматы қаласында көшеде қару асынып жүрген күдікті азамат құрықталды. Оның сөмкесінен жарылғыш затқа ұқсас зат пен суық қару табылған соң, оқиға орнына саперлер шақыртылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, оқиға Алматының орталық көшелерінің бірі – Райымбек даңғылының бойында болған. Патрульдеу жүргізіп жүрген полиция қызметкерлерінің назарына өзін өте күдікті ұстаған ер адам түскен.
Оны тоқтатып, жеке заттарын тексеру барысында барсеткасының ішінен пышақ пен сыртқы пішіні жарылғыш гранатаға ұқсайтын зат анықталды.
«Дабыл бойынша оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы мен арнайы маман-саперлер жетті. Тексеріс қорытындысы бойынша тәркіленген заттың оқу-жаттығу гранатасы екені және айналаға ешқандай қауіп төндірмейтіні белгілі болды», — деп хабарлады мекемеден.
Қолға түскен ер адам бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Түсініктеме алу барысында ол өзін ақтауға тырысқан.
Күдікті өз жауабында гранатаны көшеден тауып алғанын айтқан. Сонымен қатар, ол пышақты күнделікті тұрмыстық қажеттіліктер үшін өзімен бірге алып жүргенін түсіндірген.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оның бұл уәждерінің қаншалықты шындыққа жанасатынын тексеріп жатыр. Тиісті тергеу амалдары басталды.