Астанада «Әділет» партиясының II Съезі өтті
Астанада «Әділет» партиясының II Съезі өтті. Күн тәртібінде партияны одан әрі дамыту, өңірлік филиалдар құру, ұйымдық құрылымды нығайту және ел дамуы жолындағы ортақ міндеттер төңірегінде саяси күштерді топтастыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Съезд қарсаңында стратегиялық сессия ұйымдастырылып, делегаттар партияның алдағы кезеңдегі басым бағыттарын талқылады.
II Съезд қатысушыларының алдында сөз сөйлеген партия төрағасы Айбек Дәдебай Қазақстанның жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын атап өтіп, саяси күштерден реформаларды қолдауғана емес, халықпен тығыз жұмыс жүргізу және азаматтардың сұраныстарына нақты жауап беруді талап ететінін айтты.
«Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру бағытын толық қолдаймыз және оны мемлекетті ұзақ мерзімді нығайтудың стратегиялық бағдары деп санаймыз. Алайда реформалардың табысы тек мемлекеттік шешімдерге ғана байланысты емес. Ол қоғамның өзгерістерге қатысуға дайындығымен және саяси күштердің жауапкершілікпен әрі жасампаздықпен әрекет ете білуімен айқындалады. «Әділет» партиясы құрылған кезде біз бір қарапайым әрі қағидатты ұстанымды негізге алдық: әділетсіз тұрақты даму болмайды. Әділ ережелер орнаған жерде сенім қалыптасады. Сенім бар жерде инвестиция келеді, кәсіпкерлік дамиды, азаматтық белсенділік артып, қоғамдық бірлік нығаяды», – деді Айбек Дәдебай.
Съездегі маңызды шешімдердің бірі – Қазақстанның барлық өңірінде партия филиалдарын құру. Делегаттар тиісті шешімді қолдап, филиалдардың қызмет тәртібін айқындайтын ережені бекітті.
Партия Саяси кеңесінің мүшесі Бурихан Нұрмұхамедовтің айтуынша, партияныңболашақтағы дамуы өңірлердегі тиімді жұмыс және азаматтармен тұрақты диалогқа тікелей байланысты.
«Партияның тағдыры өңірлерде шешіледі. Біздің жұмысымыздың негізгі алаңы да сол жерде. Азаматтардың сенімі де өңірлерде қалыптасады. Адамдар партияны күн сайын нақты істеріне, бастамаларына және нәтижелеріне қарап бағалайды. Сондықтан облыстық филиалдар қоғамдық және саяси өмірдің толыққанды орталығына айналуы тиіс», – деді Бурихан Нұрмұхамедов.
Партия өкілдерінің айтуынша, өңірлік желіні дамыту қоғамдық жұмысқа жаңа көшбасшылардытартуға және азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады.
«Партиялық желінің дамуы азаматтарға мемлекеттік шешімдерді қабылдауға ықпал етіп, азаматтық қоғамды нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры әрі партия Саяси кеңесінің мүшесі Дмитрий Павленко.
Съезд барысында адами капиталды дамыту, білім беру саласы, заманауи технологияларды дамыту және азаматтық қоғам институттарын нығайту мәселелері де талқыланды.
Съезд жұмысын қорытындылай келе, қатысушылар партия құрамын кеңейту және саяси қызметтің тиімділігін арттыру арқылы партияның әлеуетін одан әрі күшейту мәселесін қарастырды.
Amanat партиясының «Әділет» партиясына қосылуы мәселесі бойынша сөйлеген Айбек Дәдебай қазіргі заманның сын-қатерлері қоғам алдында тұрған нақты міндеттерді шешуге бағытталған сындарлы диалог пен нәтижелі практикалық жұмысты талап ететінін атап өтті.
«AMANAT партиясының «ӘДІЛЕТ» партиясына қосылуы – тар партиялықмүддеден жоғары тұрған, ұлттық жауапкершілікке негізделген парасатты шешім. Бұл – Қазақстан қоғамының ел мүддесі үшін біріге алатындығымыздың нақты дәлелі. Қоғам мен мемлекет алдындағы және келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен туындаған, елдік берекеге бастайтын байлам», – деді партия төрағасы Айбек Дәдебай.
Талқылау қорытындысы бойынша делегаттар Amanat партиясының «Әділет» партиясына қосылуы туралы шешімді қолдады. Тиісті шешім II Съездің қаулысына енгізілді.