Астана қаласында жер үй өртеніп кетті

Жалын шарпыған жалпы аумақ 60 шаршы метрді құрады

Астана қаласында жер үй өртеніп кетті
Фото: © istockphoto.com

Елорданың Байқоңыр ауданында жер үй мен оның жанындағы қосалқы нысаннан өрт шығып, төтенше жағдай тіркелді. Оқиға орнына жедел жеткен мамандар үлкен апаттың алдын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ТЖМ таратқан ресми мәліметке сәйкес, өрт Шыңғырлау көшесінің бойында орналасқан жер үйдің шатырынан басталған. Жалын тез арада үйдің жанында тұрған уақытша құрылысқа ауысқан.

Шақырту бойынша оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері шұғыл түрде келіп жетті.

Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, қауіптің алдын алды. Өрт сөндірушілер отқа оранған уақытша құрылыстың ішінен газ баллондарын дер кезінде қауіпсіз жерге шығарып үлгерген. Мамандардың бұл жедел әрекеті нысан ішінде болуы мүмкін жарылыстың алдын алып, оқиғаның одан әрі ушығуына жол бермеді.

«Жалын шарпыған жалпы аумақ 60 шаршы метрді құрады. Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өрт толықтай жойылды», — деп хабарлады мекемеден.

Қазіргі уақытта мамандар тілсіз жаудың шығу себебін анықтау үшін тиісті сараптамалық жұмыстарды бастап кетті.