Үкімет басшысы Инклюзивті саясаттың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына енгізілгенін жеткізді
Қазақстанда ымдау тілін дамыту және оны заңнамалық деңгейде ресми түрде мойындау мәселесі пысықталып жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында осы бағыттағы халықаралық тәжірибе мен еліміздегі жаңа жобаларды жіпке тізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет басшысының мәлімдеуінше, шетелдік өкілдіктерді тарта отырып, әлем елдеріндегі ымдау тілін ресми тану тәжірибесі жан-жақты зерттелген. Әлем елдері ымдау тілі мәселесін әртүрлі құқықтық тетіктер арқылы реттейді. Жалпы тәжірибені үш негізгі бағытқа бөлуге болады.
Бірінші топтағы елдерде, атап айтқанда Германия, Ресей, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай және Түркияда ымдау тілі есту қабілеті бұзылған азаматтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету аясында қарастырылады. Екінші топқа Болгария, Жапония, Испания, Корея және Словакия жатады. Бұл мемлекеттерде ымдау тілін дамыту мен қолдауға бағытталған арнайы жеке заңдар қабылданған. Ал үшінші топтағы Португалия, Хорватия, Швеция және Эстонияда аталған мәселе салалық нормативтік-құқықтық актілер арқылы реттеледі. Осылайша, әр ел өз құқықтық жүйесіне сәйкес ымдау тілінің қолданылуы мен дамуын қамтамасыз етеді.
Олжас Бектенов Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтарды әлеуметтік қорғау, оңалту, инклюзивті білім беру және сурдоаударма қызметтерімен қамту тетіктері толық қарастырылғанын атап өтті. Еліміздегі 4 576 есту қабілеті бұзылған бала (851-і мүлдем естімейді, 3 825-і нашар естиді) 22 арнайы мектеп пен 3 балабақшада білім алуда. Олар үшін «e-Ымдау» электронды видеосөздігі мен e-Ymdau мобильді қосымшасы іске қосылған.
Үкімет арнайы педагогтар мен сурдопедагогтар тапшылығын жою үшін мемлекеттік тапсырысты жүйелі түрде ұлғайтып жатыр. Қазіргі уақытта еліміздегі 17 жоғары оқу орнында «Арнайы педагогика» бағыты бойынша 5 424 студент оқып жатыр, оның 2 087-сі – грант иегерлері.
Бөлінген мемлекеттік гранттардың саны:
• 2023-2024 оқу жылы – 477 грант;
• 2024-2025 оқу жылы – 656 грант;
• 2025-2026 оқу жылы – 840 грант.
Сонымен қатар, 3 жоғары оқу орнында тікелей сурдопедагогика бойынша 360 маман даярлануда. Ал 2025 жылы педагогикалық қайта даярлау ережелеріне өзгерістер енгізіліп, мұғалімдерді олигофренопедагогика, сурдопедагогика, тифлопедагогика және логопедия бағыттарына қайта оқыту мүмкіндігі жасалды.
Заманауи технологияларды инклюзивті ортаға бейімдеу жұмыстары да қарқын алған. Бүгінде отандық 107 жоғары оқу орны 200-ден астам ЖИ-агенттерін әзірлеген, олардың ішінде электронды сурдоаудармашылар да бар.
«Қазіргі уақытта «Хабар» агенттігі АҚ Сәтбаев университетімен бірлесіп, жасанды интеллектіні қолдана отырып сурдоаударма жүйесін енгізу жобасын әзірлеп жатыр. Егер бұл жоба сәтті жүзеге асса, телеарналарда ИИ-аватарларды қолданатын жеке бағдарламаларды іске қосу мәселесі қарастырылады», — делінген Премьер-министрдің жауабында.
Бұдан бөлек, Skills.enbek платформасына біріктірілетін, ымдау тілін үйрететін қазақша ЖИ-агенті жасалуда. Сондай-ақ inva.gov.kz порталында ерекше жандарға қолжетімді 20 мыңнан астам нысан көрсетілген интерактивті карта жұмыс істеп тұр.
Депутаттар көтерген сурдоаударма қызметінің уақыт лимитін қайта қарау және оның көлемін ұлғайту мәселесі бюджеттен қосымша қаражатты талап етеді. Алайда, Үкімет бұл бағытта уақытша шектеулер бар екенін ашып айтты.
Үкіметтің 2025 жылғы 24 қыркүйектегі №792 қаулысымен 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін әлеуметтік саладағы жаңа бастамаларға республикалық және жергілікті бюджеттерден қосымша қаражат бөлуге мораторий енгізілген.
Дегенмен, Олжас Бектенов бұл мәселелердің тыс қалмайтынын, олар Инклюзивті саясаттың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына енгізілгенін және Үкіметтің тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.