Құлсарыдағы алапат жарылысқа қатысты сот үкімі шықты

Айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 281-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды

Құлсарыдағы алапат жарылысқа қатысты сот үкімі шықты
Фото: © istockphoto.com

Атырау облысының Құлсары қаласындағы «Ниет» автожанармай құю станциясында болған жойқын жарылысқа қатысты сот үкімі шықты. Бірінші инстанция соты кінәлі тұлғаны темір торға тоғытып, қаза тапқандардың артында қалған балаларына миллиондаған өтемақы төлеуді міндеттеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот отырысы барысында судья Ардақ Төлебаева айыпталушының кінәсі толық дәлелденгенін мәлімдеді. Тергеу барысында анықталғандай, газ құю станциясында орналасқан көлемі 25 текше метрлік сұйытылған газ резервуары техникалық куәландырудан өтпеген. Сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен тіркелмей, қауіпті нысан ретінде есепке де алынбаған болып шықты.

Сот шешімімен айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 281-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.

Сот үкімі бойынша кінәлі тұлғаға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қауіпсіздігі ең төмен деңгейдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады. Сонымен қатар, сот шешімімен оған 3 жыл мерзімге өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында белгілі бір қызмет түрлерімен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша шектеу енгізілді.

Тілсіз апаттың салдарынан бір отбасының тірегі болған ерлі-зайыптылар оқиға орнында мерт болып, төрт баласы ата-анасыз қалды.

Сот үкіміне сәйкес, «Ниет ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен зардап шеккен әр баланың пайдасына 10 миллион теңгеден моральдық зиян өтемақысы өндіріледі. Осылайша, жетім қалған бүлдіршіндерге берілетін жалпы сома 40 миллион теңгені құрады.

«Біз бас бостандығынан айыру жазасымен келісеміз. Бірақ моральдық зиянның өтемақы көлемі тым аз деп есептейміз», — деді жәбірленуші тараптың өкілі Ақан Хабдешев.

Жәбірленуші жақ өтемақы көлеміне көңілі толмайтынын және сот шешіміне қатысты алдағы уақытта апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді.

Еске сала кетейік, Құлсары қаласындағы бұл жарылыс үлкен материалдық шығын әкелген болатын. Апат болған аумақтың жалпы ауданы 400 шаршы метрді құрады. Жарылыс толқыны мен өрттің салдарынан 6 автокөлік толықтай жанып кетіп, маңайдағы үш бір қабатты және бір екі қабатты ғимаратқа үлкен зақым келген еді.