Желіде балағат сөз айтқандарға айыппұл салынуы мүмкін

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттық сауалға берген жауабында айтылды

Желіде балағат сөз айтқандарға айыппұл салынуы мүмкін
Фото: © istockphoto.com

Қазақстандықтарды тек көшеде ғана емес, интернет кеңістігінде де балағат сөздер қолданғаны үшін жауапқа тарту жоспарланып жатыр. Қазіргі уақытта заңнамаға тиісті өзгерістер әзірленуде. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттық сауалға берген жауабында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Парламент мүшелерінің үкіметке сауал жолдауына Астанада өткен «трансформациялық» тренингтердің бірінен тараған видео түрткі болған. Әлеуметтік желіде жарияланған жазбада ондаған адамның психологиялық практика атын жамылып, жаппай балағат сөздерді айғайлап айтқаны көрсетілген. Кейіннен бұл шараны ұйымдастырушы ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Бұл жағдай қоғамдық коммуникациядағы рұқсат етілген шекараның жойылуына әкеп соқтыруда, салдарынан бейәдеп сөздер қалыпты жағдай ретінде қабылдана бастады. Кейбір әртістер мен блогерлер мұндай мінез-құлық үлгісін өз субмәдениетінің элементі ретінде пайдаланып жүр», — деп жазылған депутаттардың сауалында.

Үкімет басшысының жауабында қазіргі уақытта қоғамдық орындарда былапыт сөйлегендер үшін ұсақ бұзақылық бабы бойынша айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе әкімшілік қамауға алу шаралары қарастырылғаны атап өтілді. Енді бұл жаза онлайн-платформаларға да қолданылмақ.

Қазіргі уақытта онлайн-платформалар мен масс-медиа саласын реттеуге бағытталған заң жобасы әзірленіп жатыр. Құжатта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізу көзделген. Заң жобасына сәйкес, интернетте және әлеуметтік желілерде балағат сөз айтқан азаматтарға әкімшілік жауапкершілік қарастыру ұсынылады. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің айтуынша, әзірленген құжат осы айдың соңына дейін Парламент қарауына енгізіледі.

Сонымен қатар Үкімет басшысы елде коучтар үшін арнайы кәсіби стандарт бекітілгенін еске салды. Бұл ереже бойынша мамандардың біліктілігіне, бейінді білімінің немесе халықаралық сертификатының болуына, сондай-ақ олардың қызмет барысында этикалық нормаларды қатаң сақтауына талап күшейтілген.