Астанада мопед мінген 17 жастағы жасөспірім ұсталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды

Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Елордада жол ережесін бұзып, жүргізуші куәлігінсіз мопед тізгіндеген кәмелетке толмаған жасөспірім полиция құрығына түсті. Тәртіп сақшылары көлікті бірден айып тұрағына жөнелтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Елордалық патрульдік полиция полкінің қызметкерлері көшеде кезекшілік атқару барысында «Tank» маркалы мопедті тоқтатқан. Жүргізуші жол жиегіне немесе басқа жолаққа ауысу кезінде бұрылыс белгісін жақпай, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған.

«Құжаттарды тексеру кезінде мопед тізгінінде көлік құралын басқару құқығы жоқ 17 жастағы жасөспірімнің отырғаны анықталды», — деп мәлімдеді заң өкілдері.

Жасөспірімнің кәмелетке толмағанын ескере отырып, оқиға орнына оның заңды өкілдері, яғни ата-анасы шақыртылды.

Полиция оқиғаға байланысты тиісті шаралар қабылдады. Атап айтқанда, жасөспірімнің ата-анасының қатысуымен оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, ереже бұзушы басқарған мопед тәркіленіп, мамандандырылған айып тұрағына қойылды.

Полиция департаменті тиісті рұқсат қағазы мен куәлігі жоқ тұлғалардың көлік жүргізуі өте қауіпті екенін алға тартты.