Ол бастапқыда Ақсу қалалық ауруханасына жеткізілген, кейіннен Павлодар облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды
Ақсу қаласында көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен бүлдіршін Павлодар облысының ауруханасында көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, 11 маусым күні Ақсу қаласында 2023 жылы туған бүлдіршін көпқабатты үйдің үшінші қабатының терезесінен құлап кеткен. Бала ауыр жарақат алған.
Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі агенттікке берген түсініктемесінде бүлдіршіннің бастапқыда Ақсу қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілгенін, кейіннен Павлодар облыстық балалар ауруханасына ауыстырылғанын хабарлады.
Бала алған ауыр бас-ми жарақатына байланысты жағдайы аса ауыр деп бағаланған. Ол жансақтау бөлімінде болып, толық көлемде қарқынды ем қабылдаған.
«Өкінішке қарай, дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, Ақсу қаласынан биіктен құлағаннан кейін жеткізілген бала операция барысында көз жұмды. Алған жарақаттары өте ауыр болды», – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері Павлодар облысында балалардың терезеден құлап кетуінің үш жағдайы тіркелген. Соның біреуі өліммен аяқталған.