Қазақстанда «теократиялық мемлекет» құрмақ болған: он үш адам ұзақ жылдарға сотталды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Астана қаласының тұрғыны әлеуметтік желілерде террористік идеологияны насихаттағаны үшін 8 жылға сотталды

Фото: Видеодан скрин

Қазақстанда биыл сәуір-мамыр айларында террористік және экстремистік қылмыс жасағаны үшін 13 адам әртүрлі мерзімге сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҰҚК-ның мәліметінше, олардың бірі – Астана қаласының тұрғыны, әлеуметтік желілерде террористік идеологияны насихаттаған, сондай-ақ айналасындағыларды террористік белсенділік аймақтарға шығуға үгіттеген. Сот шешімімен ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Екіншісі – Шымкент қаласының тумасы, айналасындағыларды Қазақстанда теократиялық мемлекетін құруға шақырып, терроризм идеяларын таратқан. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айыру туралыы үкім шығарды.

Осы кезеңде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан және Абай облыстарында осындай қылмыс жасады деген күдікпен 11 адам, оның ішінде 2 шетелдік және шетелден экстрадицияланған 3 Қазақстан азаматы ұсталды.

«Олар ғаламторда және өз айналасында экстремистік материалдарды таратты, террористік белсенділік аймақтарына шығуға және өздерінің ұстанымдарымен келіспейтін адамдарға қатысты зорлық-зомбылыққа шақырды деп күдіктеліп отыр. Қылмыстық кодекстің тиісті баптарында сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК хабарламасында.