Қазақстанның солтүстік аймақтары алдағы күндері жаңбырлы болады

Автор: Асыл Арман

13-15 маусымға арналған ауа райы болжамы жарияланды

Фото: ЖИ арқылы жасалды/Google Gemini

«Қазгидромет» мәліметінше, алдағы күндері Қазақстан аумағында атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты ауа райы тұрақсыз болады, жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Синоптиктердің болжамына сүйенсек, 13-15 маусым күндері Қостанай облысында, ал 15 маусымда Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында нөсер жаңбыр күтіледі.

Бүкіл кезең ішінде елдің солтүстігінде, солтүстік-батысында, ал 15 маусымда оңтүстік-батысында бұршақ жаууы және екпінді жел соғуы болжанып отыр. Республика аумағы бойынша желдің күшеюі күтіледі.

«Күндізгі уақытта бүкіл кезең бойы Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысында, 14-15 маусым күндері Қарағанды, Жамбыл, Алматы облыстарында және Жетісу облысында, сондай-ақ 15 маусымда Атырау облысында қатты аптап ыстық күтіледі – ауа температурасы +35…+38°С-қа дейін көтеріледі», – делінген синоптиктердің болжамында.