Астанада таро карталарымен бал ашып жүрген сәуегей есірткі қолданған күйде ұсталды (ВИДЕО)
Полиция қызметкерлері оның үйінен бірнеше түп есірткі тапты
Астанада таролог үйінде түрлі рухани тәжірибелер мен таро карталары арқылы бал ашу сеанстарын өткізген қала тұрғыны үйінде есірткі өсіргені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, 54 жастағы әйел құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсіру үшін жатын бөлмедегі шкафты арнайы жабдықтап, оған жасанды жарық шамдарын және өзге де қажетті құралдарды орнатқан.
Тінту барысында полиция қызметкерлері бірнеше түп марихуана бұтасын және оларды өсіруге пайдаланылған жабдықтарды анықтап, тәркіледі.
Сонымен қатар медициналық куәландыру қорытындысы бойынша әйел адамның есірткілік масаң күйде болғаны анықталды.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Табылған өсімдіктер мен жабдықтар тәркіленді. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Полиция құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсіру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және қолданыстағы заңнамаға сәйкес жазаланатынын ескертеді», – делінген ПД хабарламасында.