Алматыда тәтті мақта сататын ер адам ыдысын Сайран көліне жуған

Автор: Асыл Арман

Полиция кәсіпкерді анықтап, айыппұл салды

Фото: threads.com/@ramazanovasn/

Алматыда тәтті мақта әзірлеп сататын ер адамның ыдысын Сайран көліне жуып жатқан сәтті желіде жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы арнайы жазба жариялап, ер адамның әрекетін сынға алды.

«Сайран көлінің жағасында серуендеп жүр едік, мынандай жағдайдың куәсі болдық. Жұртқа тәтті мақта сататын ер адам ыдысын жағада көл суына жуып отыр. Көп адам балаларына тәтті мақта сатып алады», – деп жазды желі қолданушысы.

Оның бұл жазбасы желі қолданушылары арасында дау тудырды. Оқиғаға қатысты қалалық Полиция департаменті пікір білдірді.

Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері қала аумағындағы су айдындарының бірінде абаттандыру қағидаларын бұзу дерегін анықтады.

«Тексеру нәтижесінде азаматтың белгіленбеген жерде асүй ыдыстарын жуғаны белгілі болды. Аталған құқық бұзушылық үшін оған қатысты әкімшілік шара қолданылды. Алматы қаласының Полиция департаменті мұндай әрекеттердің жол беруге болмайтынын ескертеді. Өйткені олар қоршаған ортаның санитарлық жағдайына қауіп төндіріп, азаматтардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Тұрғындар мен кәсіпкерлерді қолданыстағы талаптарды сақтауға және әсіресе азық-түлік пен қоғамдық орындарға қатысты мәселелерде жауапкершілік танытуға шақырамыз», – делінген ПД-ның агенттік тілшісіне берген пікірінде.