Теміртауда 33 жастағы ер адамды танысы пышақтап, өлтіріп кетті

Оқиға кезінде тағы бір ер адам жарақат алды

Теміртауда 33 жастағы ер адамды танысы пышақтап, өлтіріп кетті
Фото: istockphoto.com

Теміртауда көпқабатты үйлердің бірінде болған кісі өлімі тергеліп жатыр. Қылмыс жасады деген күдікпен 37 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Ekaraganda.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Полицияның мәліметінше, Теміртау қаласының 33 жастағы тұрғынының пәтерінде отырған үш таныстың арасында жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан. Салдарынан олардың бірі пәтер иесіне пышақ сұғып алған. Алған жарақаттарының салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды.

Сонымен қатар тағы бір ер адам жарақат алды. Ол жедел жәрдем көлігімен медициналық мекемеге жеткізіліп, қажетті көмек көрсетіліп жатыр.

Басылымның дерегіне сүйенсек, аталған факті бойынша адам өлтіру дерегімен қылмыстық іс қозғалды. 37 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.