Жамбыл облысында ірі газ өңдеу кәсіпорны 900 млн теңгеге жуық акциз салығын төлемеген

Автор: Асыл Арман

Уәкілетті орган тарапынан өндіріп алу бойынша тиісті шаралар уақытылы қабылданбаған

Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында ірі газ өңдеу кәсіпорны 880 миллион теңгеден астам акциз салығын төлемегені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратура салық заңнамасының сақталуына жүргізілген тексеру барысында акциз салығын әкімшілендіру кезінде мемлекеттік кірістер органдары қызметінен заң бұзушылықтар анықтады. Атап айтқанда, аудан аумағындағы газ өңдеу кәсіпорны акциз салығын төлеу бойынша нақты міндеттемелері бола тұра салық декларацияларын нөлдік көрсеткіштермен ұсынған.

Қарыздың болуына қарамастан, уәкілетті орган тарапынан оны өндіріп алу бойынша тиісті шаралар уақытылы қабылданбаған.

«Тексеру нәтижесінде кәсіпорынның 2025 жылдың қазан айынан бастап жалпы сомасы 882 043 240 теңге көлеміндегі акциз салығын төлемегені анықталды. Мемлекеттік кірістер басқармасының атына енгізілген прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде аталған сома мемлекеттік бюджетке толық көлемде өндірілді», – делінген прокуратураның хабарламасында.

Жалпы, биыл бес айдың қорытындысы бойынша Жамбыл ауданының прокуратурасы мемлекет кірісіне 1 млрд теңгеден астам қаражаттың өндірілуін қамтамасыз етті.