Бибісара Асаубаева еркелеп кеткен бе: спорт вице-министрі брифинг кезінде эмоция туралы сөз қозғады

Автор: Асқарова Қарлығаш

Ведомство өкілінің пікірінше, жекелеген жағдайлар бүкіл спорт саласына тән жүйелік проблема дегенді білдірмейді

Фото: Instagram/fide_chess

Қазақстандық шахматшы, халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаева президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, спортшылар мен спорт ұйымдары арасындағы өзара байланыс мәселесін көтергеннен кейін Туризм және спорт министрлігі шұғыл брифинг өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, соңғы жылдары спортшылардың мәселелерін дер кезінде анықтап, шешу үшін министрлік, жергілікті спорт басқармалары және федерациялар арасында тұрақты байланыс жүйесі қалыптасқан. Оның сөзінше, әрбір халықаралық жарыс алдында спортшылардың дайындығы талқыланып, туындаған проблемалар мен кедергілер қаралады.

«Президенттің тапсырмасынан кейін бұл бағыттағы жұмысты күшейттік. Спортшылардың мәселесі алдын ала көтеріліп, екі тараптың да қатысуымен ашық талқылануы керек. Біз федерациялармен және жергілікті органдармен осы бағытта тұрақты жұмыс жүргізіп келеміз», – деді Жарасбаев.

Вице-министр сондай-ақ жекелеген жағдайларды бүкіл спорт саласына тән жүйелік проблема ретінде қарастыруға болмайтынын айтты.

«Егер бұл жүйелі мәселе болса, бір емес, мыңдаған спортшы шағым айтып шығар еді. Кейде жоғары деңгейдегі спортшыларға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақша айтқанда, оларды кім еркелетіп жібергенін де ойлау керек. Сондықтан мұндай мәселелерді эмоцияға берілмей, түсіністікпен қарап, бірлесіп талқылаған жөн», – деді министр орынбасары.