«Асаубаеваға биылдың өзінде 210 миллион теңге төленді»: Туризм және спорт министрлігі мәлімдеме жасады
Спортшының барлық шығынды өз қалтасынан көтеріп жүр деген пікір шындыққа сәйкес келмейді, дейді вице-министр
Норвегиядағы беделді Norway Chess турнирінде мерзімінен бұрын жеңіске жеткен халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, жарыстарға өз қаражаты мен ата-анасының көмегінен ақша төлегенін мәлімдеген еді. Осыдан кейін Туризм және спорт министрлігі шұғыл брифинг өткізіп, спортшыны қаржыландыру мәселесіне түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, 2025 жылы Бибісараның оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстарға қатысуына 160 миллион теңгеден астам қаржы бөлінсе, 2026 жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш 210 миллион теңгеге жеткен.
«Тек биылдың өзінде Спортты қолдау қоры арқылы халықаралық дайындық пен жаттықтырушылар штабын қамтамасыз етуге 100 миллион теңге бөлінді. Федерация тарапынан тағы 80 миллион теңге қарастырылды. Сонымен қатар былтырғы әлем чемпионатындағы жетістігі үшін 25 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді», – деді вице-министр.
Серік Жарасбаев Бибісара Асаубаеваның бұрын спортты дамыту дирекциясы арқылы ай сайын шамамен 1 миллион теңге жалақы алып келгенін де атап өтті. Оның сөзінше, 2025 жылдан бастап шахмат басым спорт түрлерінің қатарына кірмегендіктен, заңнамаға сәйкес бұл төлем көлемі азайған. Алайда бұл мемлекет тарапынан қолдау тоқтады дегенді білдірмейді. Қазір спортшы айына 350-400 мың теңге арасында жалақы алады екен.
«Спортшының барлық шығынды өз қалтасынан көтеріп жүр деген мәлімдемесі шындыққа толық сәйкес келмейді. Қазір оны қолдауға мемлекет, федерация, Спортты қолдау қоры және Маңғыстау шахмат академиясы қатысып отыр», – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, Бибісара Асаубаева тарапынан қосымша қаржыландыру мәселесі де көтерілген. Алайда Спортты қолдау қорының қаржысы тек шахматқа емес, еліміздегі барлық спорт федерациялары мен халықаралық жобаларға бөлінетіндіктен, қордың мүмкіндігі белгілі бір көлеммен шектеледі.
Сондай-ақ Жарасбаев мемлекет спортшының жетістіктерін жоғары бағалайтынын айтты. Оның сөзінше, Бибісара Асаубаеваны мемлекеттік наградаға ұсыну туралы шешім қабылданған. Алайда халықаралық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына байланысты спортшының тығыз кестесі салдарынан марапатты табыстау әзірге мүмкін болмаған. Министрлік шахматшы Қазақстанға келгеннен кейін оған осы мемлекеттік наградасын тапсырмақ.