Ынтымақтастық туралы 24 келісімге қол қойылды
Вице-премьер Қанат Бозымбаев Қытайдың Шэньчжэнь қаласында Alatau City-дің инвестициялық әлеуетін таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, іс-шараға Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдарының, инвестициялық қорларының, қаржы институттарының, девелоперлік және технологиялық компанияларының өкілдері қатысты.
Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, қатысушыларға Алатау қаласын дамытудың негізгі бағыттары, оның ішінде инвесторларға арналған жеңілдікті жағдайлар, инвестициялық жобаларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеу және арнайы құқықтық режимнің басқа да мүмкіндіктері таныстырылды.
«Инновациялар, цифрлық басқару және инвестициялар тарту саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – Шэньчжэнь тәжірибесін зерделеуге ерекше назар аударылды. Қытай мегаполисінің озық тәжірибелерін Алатау қаласын дамыту барысында пайдалану жоспарланып отыр. Іс-шара қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы 24 келісімге қол қойылды, өнеркәсіп, энергетика, логистика, жоғары технологиялар, қалалық инфрақұрылым және цифрлық экономика салаларында жалпы инвестициялық әлеуеті 6 млрд долларға дейінгі жобаларды жүзеге асыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді», – делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.