Жаңақорғанда 20 жастағы жігіттің мәйіті құдықтан табылды: күдікті ретінде 15 жастағы інісі қамауға алынды
Жаңақорған ауданында құдықтан 20 жастағы жігіттің мәйіті шығарылды
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында із-түзсіз жоғалып кеткен жігіттің мәйіті құдықтан табылды. Оның өліміне басты күдікті ретінде 15 жастағы інісі қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Марқұмның туыстарының айтуынша, 20 жастағы мойнында жіптің ізі болған, ал денесінен көгерген іздер байқалған. Оқиғаға күдікті ретінде оның 15 жастағы інісі танылып отыр.
«Криминальный Казахстан» мәліметінше, 30 мамыр күні жас жігіт үйінің жанында далада төселген матраста түнеген. Бірақ таңертең із-түзсіз жоғалып кеткен. Жақындары іздеу жұмысын бастап, келесі күні оның мәйітін су құбыры құдығынан тапқан.
«Үстінде қызыл жайма болды. Сол жаймамен тұншықтырылған. Оны бір адамның істеуі мүмкін емес. Мәйітті шығарып жатқанда, денесінен көгерген іздерді көрдім. Ол өмірі үшін күрескен. Оған кемінде екі-үш адам қатысқан. 15 жастағы ұлымды күдікті ретінде ұстап әкетті», – дейді марқұмның анасы.
Туыстары кіші баласының мұндай әрекетке баруы мүмкін емес екенін айтып отыр. Олардың пікірінше, 15 жастағы баланың 20 жастағы жігітке физикалық тұрғыдан күші жетуі екіталай. Олар бұл қайғылы оқиға үйінде бұрын болған ұрлықтармен байланысты болуы мүмкін деп санайды.
Қайғылы оқиғаға қатысты облыстық Полиция департаменті агенттік тілшісіне түсіндірме берді.
«1 маусымда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғынын өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Барлық тергеу әрекеті қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылуда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді. Қылмыстық істі тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.