Қатаң үкім: Қазақстанда «көңіл көтеретін газды» заңсыз сатқан адам 8 жылға сотталды

Жыл басынан бері 49 жағдай анықталып, 1,5 мыңнан астам баллон мен екі автоцистерна тәркіленді

Қазақстанда жастар арасында «көңіл көтеретін газ» ретінде танымал азот оксидін заңсыз таратқандар енді ұзақ жылға сотталады. Ішкі істер министрлігі бұл заттың биылдан бастап күшті әсер ететін заттардың тізбесіне еніп, қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ мәліметінше, биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-бабына сәйкес күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Мұндай заттардың тізбесіне жастар арасында «көңіл көтеретін газ» ретінде белгілі азот оксиді де енгізілген.

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті тыйым салынған заттарды тарату фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша түнгі клубтар мен ойын-сауық орындарында тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар жүргізеді.

«Жыл басынан бері республика бойынша 49 факт тіркеліп, 1,5 мыңнан астам баллон мен екі автоцистерна тәркіленді. Көрші мемлекеттен «көңіл көтеретін газды» жеткізу арнасы жойылды. Осы фактілердің барлығы бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін сот үкімі де заңды күшіне енді, оның шешімі бойынша кінәлі адам 8 жылға бас бостандығынан айырылды. ІІМ барлық азаматты, әсіресе түнгі ойын-сауық орындарының иелері мен әкімшілерін азот оксидін таратуға жол бермеуге шақырады. Тыйым салынған заттарды тасымалдауға, сақтауға және өткізуге қатысы бар барлық адам жауапқа тартылады. Заң бұзушыларға қатысты жазаның бұлтартпастығы қағидатын әрдайым есте сақтаған жөн», – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.